«Жас ғалым» жазғы мектеп бағдарламасы оқушылардың ғылыми дүниетанымын кеңейтуге, зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруға және табиғат құбылыстарын тәжірибе арқылы тануға бағытталған қысқа мерзімді білім беру бағдарламасы болып табылады. Бағдарлама 3–7 сынып оқушыларына арналған және арнайы дайындықты талап етпейді. Оқу мазмұны зертханалық жұмыстарды, практикалық тапсырмаларды, академиялық ағылшын тілін және ғылыми-ойын әрекеттерін қамтиды. Курстың құрылымы бес күнге жоспарланған, жалпы көлемі – 20 сағат. Бағдарлама аясында оқушылар ластанған тұзды тазарту, химиялық реакция белгілерін анықтау, тұз кристалдарын өсіру, оттекті алу, электр тогын өндіру сияқты тәжірибелер орындайды, қарапайым инженерлік жобалармен жұмыс істейді, ғылыми квесттер мен эстафеталарға қатысады. Сонымен қатар, ағылшын тіліндегі ғылыми лексиканы меңгеру арқылы пәндік және тілдік кіріктіру жүзеге асырылады. Бағдарлама оқушылардың шығармашылық, логикалық, сыни ойлау қабілеттерін, бақылау және қорытынды жасау дағдыларын, командалық жұмыс және қауіпсіздік мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.