«Action Research – мұғалімнің кәсіби дамуының құралы. ECER конференциясына өтінім қалай беруге болады?» атты шеберлік сабағы өз кәсіби тәжірибесін жетілдіруге қызығушылық танытқан педагогтердің зерттеу мәдениеті мен құзыреттілігін дамытуға бағытталған. Сабақ барысында қатысушылар өз педагогикалық тәжірибесін жүйелі талдау және оны жетілдіру мақсатында жүзеге асырылатын зерттеу әрекетінің түрі – Action Research тұжырымдамасымен танысады.
Шеберлік сабағында зерттеу жүргізудің негізгі кезеңдері кезең-кезеңімен қарастырылады: мәселені анықтау, мақсат пен міндеттерді қою, деректерді жинау мен талдау әдістерін таңдау, нәтижелерді түсіндіру және оларды білім беру үдерісінде қолдану. Ерекше назар зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейде, соның ішінде ECER (European Conference on Educational Research) конференциясында ұсыну жолдарына аударылады.
Сабақ соңында қатысушылар конференцияға аннотация мен өтінім дайындау бойынша нақты ұсыныстар алады, ECER талаптарының ерекшеліктерімен және зерттеу нәтижелерін жариялау мүмкіндіктерімен танысады. Бұл іс-шара мұғалімдердің өз тәжірибесін саналы түрде жетілдіретін және халықаралық кәсіби қауымдастыққа үлес қоса алатын зерттеуші ретіндегі сенімділігін арттыруға бағытталған.