Біліктілікті арттыру бағдарламасы жалпы білім беру ұйымдарының педагог-психологтарының кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған және білім алушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің заманауи талаптарына сәйкес әзірленген. Бағдарлама мазмұны Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттарына, кәсіби этика қағидаттарына және білім беру жүйесінің жаңғырту бағыттарына негізделеді.
Курс барысында тыңдаушылар педагог-психолог қызметінің құқықтық негіздерін, психодиагностика мен психологиялық кеңес берудің ғылыми-әдістемелік тәсілдерін, білім беру ұйымындағы құжаттаманы жүргізу тәртібін меңгереді. Сонымен қатар, білім алушылардың эмоционалдық және мінез-құлықтық қиындықтарының алдын алу, бейімделу кезеңін қолдау, тәуекел топтарымен жұмыс жүргізу мәселелері қарастырылады.
Бағдарламада суицидтік мінез-құлықтың қауіп факторларын анықтау, ерте диагностика, қауіпсіздік алгоритмдері, ата-аналармен және педагогтармен өзара әрекеттесу тетіктері қамтылған күшейтілген модуль қарастырылған.
Сондай-ақ тыңдаушылар заманауи коррекциялық-профилактикалық әдістердің элементтерін (арт-терапия, когнитивті-мінез-құлықтық тәсілдер), кәсіби рефлексия мен супервизия негіздерін, эмоционалдық күйзелістің алдын алу жолдарын меңгереді. Бағдарлама тәжірибеге бағытталған, нақты жағдайларды талдау, рөлдік ойындар және практикалық жаттығулар арқылы жүзеге асырылады.