Plickers платформасы: әр оқушыны сабаққа белсенді қатыстырудың тиімді жолы
Мақалада Plickers платформасын сабақ барысында қолдану тәжірибеммен бөлісемін. Бұл әдіс оқушылардың жеке смартфонынсыз және интернетке қосылуынсыз білімдерін жедел бағалауға, барлық оқушыны оқу үдерісіне қатыстыруға және нәтижелерін нақты уақыт режимінде талдауға мүмкіндік береді.
Plickers: телефонсыз және интернетсіз оқушылардың білімін бағалаудың тиімді әдісі
Қазіргі сабақта әр оқушының белсенді қатысуын қамтамасыз ету – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі.
Өз тәжірибемде оқушылардың білімін бағалаудың тиімді әдісі ретінде Plickers платформасын қолданамын.
Мәселе: Дәстүрлі сұрақ-жауап кезінде көбінесе белсенді оқушылар ғана жауап береді. Ал кейбір оқушылар өз ойын айтуға қысылып, сабаққа толық қатыса алмайды.
Менің тәжірибем: Plickers платформасы арқылы әр оқушыға арнайы QR-карточка беріледі. Мұғалім интерактивті тақтадан сұрақ көрсетеді. Оқушылар карточканы дұрыс жауапқа сәйкес бұрып ұстайды, ал мұғалім телефон камерасымен жауаптарды сканерлейді.
Әдістің артықшылықтары:
Әр оқушы сабаққа белсенді қатысады.
Оқушыларға жеке телефон мен интернет қажет емес.
Мұғалім барлық оқушының жауабын нақты уақыт режимінде көреді.
Білімдегі олқылықтарды бірден анықтауға мүмкіндік береді.
Сабақ қызықты әрі интерактивті өтеді.
Тәжірибемнен байқағаным: Бұл әдісті қолданған кезде оқушылар тапсырмаларды қызығушылықпен орындайды. Әсіресе бұрын жауап беруге қысылатын оқушылардың да белсенділігі артады.
Менің ойымша, цифрлық технологияның тиімділігі оның күрделілігінде емес, әрбір оқушыны оқу үдерісіне тарта алуында.
Әріптестер, сіздер барлық оқушыны бір мезетте белсенді қатыстыру үшін қандай әдістерді қолданасыздар? Тәжірибе алмасайық!