Оқушының қай сұрағы сабағыңыздың бағытын бір сәтте өзгертіп жіберді?
Бір сабақта оқушыларға «Таза заттар және қоспалар» тақырыбын түсіндіріп жатқан едім. Сол кезде бір оқушым: «Мұғалім, егер су таза болса, онда неге өзеннің суын бірден ішуге болмайды?» – деп сұрақ қойды.
Бұл сұрақ мені сабақтың бағытын сәл өзгертуге жетеледі. Мен оқушының сұрағын дайын жауаппен шектемей, сыныпқа ой тастадым. Оқушылар өз болжамдарын айтып, судың құрамындағы көзге көрінбейтін қоспалар, ластану және суды тазарту жолдары туралы пікір алмасты.
Нәтижесінде сабақ тек теориялық түсіндірумен шектелмей, күнделікті өмірмен байланысқан зерттеу сабағына айналды. Осы сәтте мен оқушының бір сұрағының өзі сабаққа жаңа бағыт беріп, сыни ойлау мен танымдық қызығушылықты арттыра алатынына көз жеткіздім.