Ата-аналар чаты — мұғалімнің көмекшісі ме, әлде қоңырауы соғылмайтын сабақ па?
Ішімнен айтатыным: «Шынымды айтсам, кейде ата-аналар чаты түнімен бітпейтін сабақ сияқты болып көрінеді. Түнде келген бір ғана хабарлама бүкіл кешімді ойға бөліп жібереді. Бірақ жүрегіммен білемін, ол хабарламаның артында ренжіту емес, баласы үшін уайымдаған бір жүрек тұр. Ата-ана да мен сияқты, баласының жақсы болғанын қалайды ғой».
Оқушы «Мұны не үшін оқуымыз керек?» деп сұрағанда, қандай жауапты ішіңізден ғана айтасыз?
Ішімнен айтатыным: «Шынымды айтсам, кейде мен де ойланамын, бұл сабақ оған дәл қазір керек пе екен деп. Бірақ жүрегіммен білемін, біз бүгін үйреніп жатқан кішкентай нәрсенің өзі ертең оның үлкен жеңісі болады»
Оқушының қай сұрағы сабағыңыздың бағытын бір сәтте өзгертіп жіберді?
Бір күні сабақтан соң оқушым құшақтап тұрып: «Апай, мен сізді қатты жақсы көрем. Сізбен үйге кетем, болмаса осында түнеймін» - деді.
Сол сәтте барлық жоспарым тоқтап қалды. Түсіндім, балаға сабақ емес, жанында болатын, оны түсінетін адам керек екен.
Сол күннен бастап сабақты тез өту үшін емес, баланың жүрегіне жету үшін өткізетін болдым. Себебі кейде бір жылы сөз жүз сабақтан артық.