Басшы ретінде сіздің соңғы кері байланысыңыз мұғалімге нені түсіндірді: оның нені дұрыс істемегенін бе, әлде енді нені б...
Өз тәжірибеммен бөлісемін. Басшылардың кері байланыс беру дағдысын арттыру үшін төмендегі мысалдар мен мәселелерді қарастырып жүрмін. Ол үшін мектеп басшыларына мынадай бір сұрақ қоямын: Басшы ретінде сіздің соңғы кері байланысыңыз мұғалімге нені түсіндірді: оның нені дұрыс істемегенін бе, әлде енді нені басқаша істей алатынын ба?
Мысалы : 1-ші басшы: бақылаушы менеджер
Сабақтан кейін мұғалімге айтады:
— Оқушылар белсенді болмады. Сұрақтарыңыз әлсіз. Сабақты дұрыс ұйымдастырмадыңыз. Келесі жолы жақсырақ дайындалыңыз.
Нәтижесі: мұғалім кемшілігін естиді, бірақ нақты нені және қалай өзгерту керегін түсінбеуі мүмкін. Келесі бақылауда ол өз жұмысын жақсартудан гөрі, қате жібермеуге тырысуы ықтимал.
2-ші басшы: дамуға бағытталған көшбасшы
— Сабақта оқушылардың жауаптарын тыңдауға мүмкіндік бердіңіз. Бір нәрсеге назар аударайық: жауап берген оқушылардың көбі дайын білімді қайталады. Олардың өз бетінше ойлауын қалай байқауға болады? Келесі сабақта бір ашық сұрақ қосып көрсек қайтеді? Нәтижесін бірге талдайық.
Нәтижесі: мұғалім мәселені нақты түсінеді, шешім іздеуге қатысады және келесі әрекетін жоспарлайды.
Бұл мысалдың ерекшелігі — екі басшы да бір мәселені көріп отыр. Бірақ біріншісі баға береді, екіншісі кәсіби дамуға ықпал етеді.
Екі мысалды да тұжырымдай келе: Кері байланыстың сапасы айтылған сынның қаттылығымен емес, одан кейінгі кәсіби әрекеттің қаншалықты жақсарғанымен өлшенетінін көрсетемін. Әрине, мұғалімнің келесі сабағы міндетті түрде бірден жақсарады деп кепілдік беруге болмайды. Ол үшін кері байланыспен қатар уақыт, әдістемелік қолдау және қайта тәжірибе жасау мүмкіндігі қажет.
Заманауи басшы кері байланыс берудің негізгі ерекшеліктерін дұрыс түсінуі қажет:
1.Кері байланыс тек мақтау ғана емес (мысалы: «Бұл керемет сабақ болды!», «Сіз керемет ұстазсыз!»)
2.Кері байланыс тек мұғалімге ақыл айтып, үйрету ғана емес (мысалы: «Сабақта дарынды оқушыларға назар аудару керек еді», «Тапсырмаларда саралауды ескеру керек еді»)
3.Кері байланыс – бұл баға беру емес (мысалы: «Менің ойымша, бұл сабақ қанағаттанарлық деп бағаланды», «Сабақ өте нашар өтті!»)
Көп басшы кері байланыс беру кезінде нені айту керек екенін біледі, алайда қалай айту керектігін білмейді. Кері байланыс – туа біткен қабілет емес, үйренілетін дағды екеніне назар аудартамын. Мектеп директорының ең басты құралы – дұрыс сұрақ қою. Сұрақ қою дағдысын арттыру үшін әрбір басшы сабаққа кірер алдын дайындап алған «Күшті сұрақтар банкі»-әдісі бойынша сұрақтарын қолдануды ұсынамын:
-10 ашық сұрақ;
-5 зерттеушілік сұрақ;
-5 рефлексиялық сұрақ, дайындап алу маңызды. Сеніңіз, бұл көмектеседі!
Бұл кез келген директор үйрене алатын құзырет.
Мұғалімнің бір сұрағы оқушының ойлау бағытын өзгерте алады ма?
Л.С. Выготскийдің мәдени-тарихи теориясында оқыту мен дамудың әлеуметтік сипаты ерекше орын алады. Оның идеяларына сүйенсек, қарым-қатынас — баланың ойлауы мен танымдық дамуына ықпал ететін маңызды орта.Олай болса, сабақтағы мұғалімнің сөзі, әсіресе қоятын сұрағы — жай ғана ақпарат алудың құралы емес, оқушының ойлауын дамытуға мүмкіндік беретін педагогикалық құрал.
Бір сәт ойланып көрейікші...
Біз сабақта оқушының білімін тексеру үшін сұрақ қоямыз ба, әлде оның ойлануына, пайымдауына, дәлелдеуіне және жаңа қорытынды жасауына жағдай жасау үшін сұраймыз ба?
«Дұрыс жауап қандай?» деген сұрақ оқушыны жауапты табуға жетелесе, «Неліктен бұлай ойлайсың?», «Өз пікіріңді қалай дәлелдейсің?», «Басқаша түсіндіруге бола ма?» деген сұрақтар оның ойлау үдерісін ашуға мүмкіндік береді.
Сондықтан тиімді сабақ кездейсоқ қойылған сұрақтардан емес, мақсатты түрде жоспарланған сұрақтар жүйесінен басталуы керек деп ойлаймын.
Мұғалім сабаққа дайындалғанда тек нені түсіндіретінін емес, оқушыға қандай сұрақтар қоятынын да алдын ала ойластыруы маңызды:
▪️ Қандай сұрақ оқушының бастапқы түсінігін анықтайды?
▪️ Қандай сұрақ оны мәселенің мәніне терең бойлатады?
▪️ Қандай сұрақ өз ойын дәлелдеуге жетелейді?
▪️ Қандай сұрақ балама шешім іздетеді?
▪️ Қандай сұрақ оқушыны өз оқуына баға беруге үйретеді?
Өйткені мұғалімнің шеберлігі қойылған сұрақтардың санымен емес, сол сұрақтардың оқушы ойлауына қаншалықты ықпал еткенімен де өлшенеді.
Менің түйгенім: сабақ жоспарына тек тапсырмаларды емес, оқушының ойлауын дамытатын сұрақтарды да енгізу қажет.
Себебі дұрыс қойылған сұрақ оқушыға дайын жауап бермейді. Ол оқушыны өз жауабын іздеуге жетелейді.
Ал сіз сабақ жоспарлағанда ең алдымен қандай сұрақты ойластырасыз: оқушының білімін тексеретін сұрақты ма, әлде оның ойлауын дамытатын сұрақты ма?