Beyim Ustaz
Кіру Тіркелу
Лентаға оралу
А
Айжан Кожымбетова Цифрлық жаңашыл 1 сағат бұрын

Басшы ретінде сіздің соңғы кері байланысыңыз мұғалімге нені түсіндірді: оның нені дұрыс істемегенін бе, әлде енді нені басқаша істей алатынын ба?

Өз тәжірибеммен бөлісемін. Басшылардың кері байланыс беру дағдысын арттыру үшін төмендегі мысалдар мен мәселелерді қарастырып жүрмін. Ол үшін мектеп басшыларына мынадай бір сұрақ қоямын: Басшы ретінде сіздің соңғы кері байланысыңыз мұғалімге нені түсіндірді: оның нені дұрыс істемегенін бе, әлде енді нені басқаша істей алатынын ба? Мысалы : 1-ші басшы: бақылаушы менеджер Сабақтан кейін мұғалімге айтады: — Оқушылар белсенді болмады. Сұрақтарыңыз әлсіз. Сабақты дұрыс ұйымдастырмадыңыз. Келесі жолы жақсырақ дайындалыңыз. Нәтижесі: мұғалім кемшілігін естиді, бірақ нақты нені және қалай өзгерту керегін түсінбеуі мүмкін. Келесі бақылауда ол өз жұмысын жақсартудан гөрі, қате жібермеуге тырысуы ықтимал. 2-ші басшы: дамуға бағытталған көшбасшы — Сабақта оқушылардың жауаптарын тыңдауға мүмкіндік бердіңіз. Бір нәрсеге назар аударайық: жауап берген оқушылардың көбі дайын білімді қайталады. Олардың өз бетінше ойлауын қалай байқауға болады? Келесі сабақта бір ашық сұрақ қосып көрсек қайтеді? Нәтижесін бірге талдайық. Нәтижесі: мұғалім мәселені нақты түсінеді, шешім іздеуге қатысады және келесі әрекетін жоспарлайды. Бұл мысалдың ерекшелігі — екі басшы да бір мәселені көріп отыр. Бірақ біріншісі баға береді, екіншісі кәсіби дамуға ықпал етеді. Екі мысалды да тұжырымдай келе: Кері байланыстың сапасы айтылған сынның қаттылығымен емес, одан кейінгі кәсіби әрекеттің қаншалықты жақсарғанымен өлшенетінін көрсетемін. Әрине, мұғалімнің келесі сабағы міндетті түрде бірден жақсарады деп кепілдік беруге болмайды. Ол үшін кері байланыспен қатар уақыт, әдістемелік қолдау және қайта тәжірибе жасау мүмкіндігі қажет. Заманауи басшы кері байланыс берудің негізгі ерекшеліктерін дұрыс түсінуі қажет: 1.Кері байланыс тек мақтау ғана емес (мысалы: «Бұл керемет сабақ болды!», «Сіз керемет ұстазсыз!») 2.Кері байланыс тек мұғалімге ақыл айтып, үйрету ғана емес (мысалы: «Сабақта дарынды оқушыларға назар аудару керек еді», «Тапсырмаларда саралауды ескеру керек еді») 3.Кері байланыс – бұл баға беру емес (мысалы: «Менің ойымша, бұл сабақ қанағаттанарлық деп бағаланды», «Сабақ өте нашар өтті!») Көп басшы кері байланыс беру кезінде нені айту керек екенін біледі, алайда қалай айту керектігін білмейді. Кері байланыс – туа біткен қабілет емес, үйренілетін дағды екеніне назар аудартамын. Мектеп директорының ең басты құралы – дұрыс сұрақ қою. Сұрақ қою дағдысын арттыру үшін әрбір басшы сабаққа кірер алдын дайындап алған «Күшті сұрақтар банкі»-әдісі бойынша сұрақтарын қолдануды ұсынамын: -10 ашық сұрақ; -5 зерттеушілік сұрақ; -5 рефлексиялық сұрақ, дайындап алу маңызды. Сеніңіз, бұл көмектеседі! Бұл кез келген директор үйрене алатын құзырет.

Нәтиже берген тәсіл
Жауап беру Оқығандар: 1
Тәжірибеңізбен бөлісу үшін Кіріңіз.