Beyim Ustaz
Кіру Тіркелу
Лентаға оралу

Анар Солтанова

Қатысушы Өзгеріс көшбасшысы

2 жарияланым · 0 рет сақталды · 0 жазылушы

Оқушы «Мұны не үшін оқуымыз керек?» деп сұрағанда, қандай жауапты ішіңізден ғана айтасыз? Сыныптың ең батыл не ең шаршаған оқушысы дәл осы сұрақты қойғанда, бет-әлпетімді байсалды ұстап тұрғаныммен, ішімнен алдымен еріксіз күліп аламын. Өйткені ең бірінші ойыма келетін қарапайым шындық: «Шынымды айтсам, оқу бағдарламасында тұрғасын және келесі аптада БЖБ болатындықтан оқимыз ғой» деген сөз. Кейде тіпті: «Мен де дәл сенің жасыңда бұған бас қатырып, ішімнен дәл осы сұрақты қойғанмын» деп ағымнан жарылғым келіп кетеді. Күрделі ережелер мен өткен ғасырдың кейіпкерлері он төрт-он бес жастағы баланың бүгінгі жылдам, цифрлы әлеміне тым алыс көрінетінін мен іштей өте жақсы түсінемін. Сол сәтте: «Бұл мәтіндер мен ережелер — миыңа арналған жаттығу залы ғой. Спортзалдағы ауыр темірді де көшеде көтеріп жүру үшін емес, бұлшықетің мықты болуы үшін көтересің ғой» деп айтқым келеді. Бірақ бәрінен де қатты ішімде қалып қоятын бір ой бар: «Өмір саған дәл осы шығарманың мазмұнын сұрап келмейді. Бірақ бір күні қиын таңдау алдында тұрғаныңда, біреудің сатқындығына тап болғаныңда немесе өз ішіңдегі сұраққа жауап таппай қиналғаныңда, дәл осы кітаптардағы тағдырлар саған үнсіз тіреу болады. Тек мен оны дәл қазір дәлелдеп бере алмаймын — оны түсіну үшін саған сәл есею керек». Сөйтемін де, ішімдегі бұл «құпия» жауаптарды жымиып қана жасырып қойып, сыныпқа қараймын да: «Жақсы сұрақ. Кәне, осының жауабын мәтіннің өзінен бірге іздеп көрейікші» деп сабағымды жалғастыра беремін. Менің кейсім 25 қараша 2 минуттық оқу Оқушының қай сұрағы сабағыңыздың бағытын бір сәтте өзгертіп жіберді? Бірде 8-сыныпта қазақ әдебиеті сабағын өткізіп жатқанмын. Сабақ жоспарым сағаттың тіліндей дәл есептелген: мәтінді талдау, кейіпкерлерге мінездеме беру, дәптермен жұмыс. Адамгершілік пен ар-ұят тақырыбын қозғап, шығармадағы кейіпкердің адалдығын мақтап тұрған сәтімде артқы партада үнемі үнсіз отыратын оқушым қолын көтерді де, сәл ойланып барып: — Апай, осы өмірде адалдық пен мейірім адамға пайда әкелмей, қайта өзіне зиян тигізіп жатса, онда жақсы адам болудың мәні неде? — деп сұрады. Сынып іші сілтідей тына қалды. Оқушылардың бәрі маған қарады. Сол сәтте алдымда жатқан қысқа мерзімді жоспарымды жай ғана жауып қойдым. Өйткені бұл сұраққа оқулықтағы дайын ережемен немесе жаттанды ақылмен жауап беру — баланың шынайы ізденісіне жасалған қиянат болар еді. Мен сәл кідіріп: «Өте ауыр әрі өте дұрыс сұрақ қойдың. Шынымды айтсам, ересектердің өзі бұл сұраққа өмір бойы жауап іздейді. Бірақ меніңше, мейірім мен адалдық — пайда табу үшін салатын салым емес. Егер біз жақсылықты қайтарымы үшін ғана жасасақ, ол мейірім емес, сауда болып кетер еді», — дедім. Содан кейін сұрақты сыныптың өзіне қайта тастадым: «Ал сендер қалай ойлайсыңдар? Әділетсіздік көрген сәтте адам өз болмысын сақтап қалуы керек пе, әлде ортаға бейімделіп өзгеруі керек пе?» Сол сәттен бастап сабақ мүлде басқа арнаға бұрылды. Ешкім дәптер ашқан жоқ, бірақ сыныптағы жиырмадан астам оқушының бәрі пікірталасқа кірісіп кетті. Бірі өмірдегі әділетсіздіктерді мысалға келтірсе, екіншісі бұрын оқыған шығармаларымыздағы кейіпкерлерді еске түсірді. Әр бала өз жүрегінде жүрген күмәні мен ойын ашық айтты. Тіпті сабақта сирек сөйлейтін оқушылардың өзі өз көзқарасын қорғап, дәлел келтіруге тырысты. Қоңырау соғылғанда, ешкім орнынан асығып тұра қоймады. Ол күні біз жоспарлаған жаттығуларды орындап үлгермедік, бірақ оқушылар әдебиеттің тек баға алу үшін оқылатын пән емес, өз жанындағы сұрақтарға жауап іздейтін айна екенін сезініп шықты. Мен үшін де бұл сабақ ұстаздық жолымдағы ең шынайы әрі ең есте қаларлық сәттердің бірі болды. Менің кейсім 25 қараша 2 минуттық оқу