Beyim Ustaz
Кіру Тіркелу
Лентаға оралу
Айсұлу Қайнар Сабақ шебері Негізін қалаушы

Атмосфера бәрін шешеді: алдымен сенім, содан кейін талап

Мақалада жаңа сыныпқа бейімделу кезеңінде мұғалім мен оқушы арасындағы сенімді қарым-қатынастың, психологиялық қауіпсіздік пен қолайлы білім беру ортасының маңыздылығы қарастырылады.

3 минуттық оқу

Сыныбымда мынадай жағдай болды Биылғы оқу жылында мен жаңадан ашылған екінші сыныпқа жетекшілік етуге тағайындалдым. Сынып құрамындағы оқушылар әртүрлі мектептен, әртүрлі ортадан келген. Әрқайсысының білім деңгейі, оқу дағдысы, мінез-құлқы мен бейімделу қарқыны әртүрлі.

Шынымды айтсам, алғашқы апталар мен үшін кәсіби тұрғыдан оңай болған жоқ. Оқушылардың білім деңгейіндегі олқылықтарды байқаған сайын «Оқу сапасын қалай көтеремін?», «Балаларды бір деңгейге қалай жеткіземін?» деген сұрақтар мазалады.

Қыркүйек айындағы алғашқы мектепішілік бақылау нәтижесі де көңіл көншітпеді. Сыныбымыз ең төмен көрсеткіштердің бірін көрсетті. Бұл жағдай менің педагог ретіндегі жауапкершілігімді арттырғанымен, іштей алаңдаушылығымды да күшейтті.

Бастапқыда мен өзіме: «Неге оқушылар тапсырманы өздігінен орындамайды? Неге айтқанымды бірден түсінбейді? Неге оқу талаптарын толық орындамайды?» деген сұрақтарды жиі қоятынмын.

Алайда уақыт өте келе бұл сұрақтардың бағыты өзгерді. «Ал балалар неге мені тыңдауы керек? Мен олардың сеніміне ие болатындай не істедім? Олар мені өз мұғалімі ретінде қабылдап үлгерді ме?» Міне, осы сұрақтар менің педагогикалық көзқарасымды қайта қарауыма себеп болды. Мен бір маңызды нәрсені түсіндім: оқушының жаңа ортаға бейімделуі қаншалықты маңызды болса, мұғалімнің де сол сыныпқа бейімделуі соншалықты маңызды екен.

Балалар бірінші сыныпта басқа мұғаліммен, басқа ортада білім алды. Ал мен олар үшін әзірге жаңа адаммын. Олар менің талабымды түсінбес бұрын, менің өздерін түсінетінімді сезінуі керек еді. Осыдан кейін мен жұмысымда басымдықтарды өзгерттім.

Бірінші кезекте академиялық нәтижені талап етумен қатар, оқушылармен сенімді қарым-қатынас орнатуға, сыныпта психологиялық қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға назар аудардым.

Мен үшін ең маңыздысы — баланың мұғалімінен қорықпай: «Апай, мен түсінбедім», «Мен қателестім», «Маған көмектесесіз бе?», «Мен өз ойымды айтсам бола ма?», деп еркін сөйлей алуы. Өйткені қателесуден қорқатын бала өз мүмкіндігін толық көрсете алмайды. Ал өзін қауіпсіз сезінген бала сұрақ қоюға, ізденуге және әрекет етуге батылырақ барады. Тағы бір түсінгенім: сыныптағы жағымды психологиялық ахуал сабақ басындағы 2–3 минуттық сергіту жаттығуымен ғана шектелмеуі тиіс. Психологиялық ахуал — жеке әдіс емес, бүкіл педагогикалық үдерістің ажырамас бөлігі. Ол мұғалімнің дауыс ырғағынан, оқушының қатесіне реакциясынан, тапсырманы түсіндіру тәсілінен, кері байланысынан, тіпті үзіліс кезіндегі қарапайым қарым-қатынасынан көрінеді.

Біз, ересектер, кейде бір жиналыстың немесе ортаның атмосферасы өзімізге жайсыз әсер еткенін айтып жатамыз. Ал өз сезімін толық жеткізе алмайтын бастауыш сынып оқушысы үшін бұл қаншалықты маңызды екенін ойлап көрейікші.

Қазір екінші тоқсан басталды. Әрине, барлық мәселе толық шешілді немесе сыныптың білім сапасы бірден жоғарылады деп айта алмаймын. Әлі де жеке қолдауды, уақытты қажет ететін оқушылар бар. Дегенмен алғашқы апталармен салыстырғанда балалармен өзара түсіністігіміз жақсарды. Оқушылар біртіндеп ашылып, сұрақтарын еркінірек қойып, оқу үдерісіне сенімдірек қатыса бастады. Ең бастысы, сыныптағы қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

Бұл тәжірибе тек бастауыш сыныпқа ғана қатысты емес деп ойлаймын. Мәселен, төртінші сыныптан бесінші сыныпқа ауысқан оқушы да жаңа мұғалімдерге, жаңа талаптарға, жаңа қарым-қатынас жүйесіне бейімделеді. Демек, кез келген білім беру сатысында оқушының эмоционалдық жай-күйі мен психологиялық қауіпсіздігін ескеру маңызды.

Менің кәсіби тәжірибемнен түйген негізгі қағидам: "Алдымен — байланыс. Содан кейін — сенім. Сенімнен кейін — талап. Ал жүйелі талап пен қолдау арқылы — нәтиже."

Бұл талапты төмендету деген сөз емес. Керісінше, талаптың орындалуына қажетті педагогикалық негізді қалыптастыру. Біз кейде оқу нәтижесін жақсартудың жолын жаңа әдістемеден, технологиядан немесе қосымша тапсырмадан іздейміз. Ал кей жағдайда ең алғашқы қадам — баланың өзін сол сыныпта қаншалықты жайлы, қауіпсіз және маңызды сезінетінін анықтау. Себебі білім беру тек ақпарат жеткізуден емес, сенімді қарым-қатынас орнатудан басталады.

Әріптестер, сіздердің тәжірибелеріңізде оқушымен сенімді қарым-қатынас орнату оның оқу белсенділігіне қалай әсер етті? Жаңа сыныпқа бейімделу кезеңінде қандай тәсілдер тиімді болды?

Мақала Менің кейсім
Жауап беру 3 минуттық оқу Оқығандар: 9
Тәжірибеңізбен бөлісу үшін Кіріңіз.

Алғашқы болып жауап беріңіз

Педагогтердің 300 үні

Beyim Connect-тегі алғашқы 300 автордың бірі болыңыз

Кәсіби сұрақ қойыңыз немесе нәтиже берген тәсіліңізбен бөлісіңіз. Алғашқы 300 автор «Beyim Connect негізін қалаушысы» мәртебесін және «Алғашқы үн» марапатын алады. Мәртебе профилінде біржола сақталады.

300 орынның әлі 60 орны бос Алғашқы мақұлданған жазбаңыз ғана есепке алынады, ал жазбаларға қалдырған жауаптарыңыз есептелмейді.
Жариялау үшін жүйеге кіріңіз. Кірген соң жазба терезесі бірден ашылады.