Мұғалімнің бір сұрағы оқушының ойлау бағытын өзгерте алады ма?
Л.С. Выготскийдің мәдени-тарихи теориясында оқыту мен дамудың әлеуметтік сипаты ерекше орын алады. Оның идеяларына сүйенсек, қарым-қатынас — баланың ойлауы мен танымдық дамуына ықпал ететін маңызды орта.Олай болса, сабақтағы мұғалімнің сөзі, әсіресе қоятын сұрағы — жай ғана ақпарат алудың құралы емес, оқушының ойлауын дамытуға мүмкіндік беретін педагогикалық құрал. Бір сәт ойланып көрейікші... Біз сабақта оқушының білімін тексеру үшін сұрақ қоямыз ба, әлде оның ойлануына, пайымдауына, дәлелдеуіне және жаңа қорытынды жасауына жағдай жасау үшін сұраймыз ба? «Дұрыс жауап қандай?» деген сұрақ оқушыны жауапты табуға жетелесе, «Неліктен бұлай ойлайсың?», «Өз пікіріңді қалай дәлелдейсің?», «Басқаша түсіндіруге бола ма?» деген сұрақтар оның ойлау үдерісін ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан тиімді сабақ кездейсоқ қойылған сұрақтардан емес, мақсатты түрде жоспарланған сұрақтар жүйесінен басталуы керек деп ойлаймын. Мұғалім сабаққа дайындалғанда тек нені түсіндіретінін емес, оқушыға қандай сұрақтар қоятынын да алдын ала ойластыруы маңызды: ▪️ Қандай сұрақ оқушының бастапқы түсінігін анықтайды? ▪️ Қандай сұрақ оны мәселенің мәніне терең бойлатады? ▪️ Қандай сұрақ өз ойын дәлелдеуге жетелейді? ▪️ Қандай сұрақ балама шешім іздетеді? ▪️ Қандай сұрақ оқушыны өз оқуына баға беруге үйретеді? Өйткені мұғалімнің шеберлігі қойылған сұрақтардың санымен емес, сол сұрақтардың оқушы ойлауына қаншалықты ықпал еткенімен де өлшенеді. Менің түйгенім: сабақ жоспарына тек тапсырмаларды емес, оқушының ойлауын дамытатын сұрақтарды да енгізу қажет. Себебі дұрыс қойылған сұрақ оқушыға дайын жауап бермейді. Ол оқушыны өз жауабын іздеуге жетелейді. Ал сіз сабақ жоспарлағанда ең алдымен қандай сұрақты ойластырасыз: оқушының білімін тексеретін сұрақты ма, әлде оның ойлауын дамытатын сұрақты ма?